19 Наурыз, 2018

Станимир Стойлов: Талабымды орындайтын футболшыларға сенім артамын

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов алдағы жолдастық кездесулер алдында өзінің алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Естеріңізге сала кетейік, ұлттық құрама 23 және 26 наурыз күндері Венгрия және Болгария құрамаларына қарсы ойнайды. Станимир Стойлов журналистердің маңызды деген бірқатар сұрақтарына жауап берді.


Станимир Стойлов: Талабымды орындайтын футболшыларға сенім артамын

– Үлкен жолдың бастауында тұр­мыз. Бұл жол біз үшін ауыр және ұзақ. Жолдастық кездесу болса да алдағы ойындардың жауапкер­шілігі жоғары. Қос команда да біз­ден мықты. Жақсы тәжірибе болады. Ұлттық құраманы жа­ңа деңгейге көтеруіміз керек. Ел біріншілігінің бірнеше ойы­нын көрдім. Ашығын айтсам, фут­болшылардың деңгейіне көңілім толмайды. Өте төмен. Жолдастық кез­десулерге негізгі 3 ойыншымыз жарақатына байланыс­ты қа­тыса алмайды. Логвиненко, Жу­ков, Лунин. Ұлттар лигасы ая­­сын­дағы ойындарға бар күші­мізді салуымыз қажет. Біз фаворит емеспіз. Тек топтан шығуға ұмтыламыз. Фавориттер барлық уақытта жеңіс­ке жете бермейді. Сондықтан бар күш-жігерімізді са­ламыз. Талап қоя білуіміз керек. Тәр­тіп пен талап болса, нәтиже келеді. Кәсіби деңгейімізді арттыру мақсатында аянбауымыз керек. Менен күні ертең нәтиже күтпеңдер, ол өзі уақытымен ке­ле­ді.

– Мокиннің жасы 37-ге келді. Оның құрамаға шақыртылуы қаншалықты орынды?

– Жасына қарамаймын. Мокин мықты, тәжірбиелі қақпашы. Ма­ған талабымды орындай алатын қақ­пашылар керек.

– Неге жолдастық кездесулерге Болгария мен Венгрия таң­далды?

– Ұтылуымыз да мүмкін. Ең­ бастысы, дұрыс қорытынды шы­­ға­рып, алға қадам басуымыз маңызды. Бізде жолдастық кез­­десулер ұйымдастыруда кем­шіліктер бар. Басқа командалар­мен ойнауға да болушы еді. Мықты командалармен ойнау ар­­­қылы шеберлігімізді шыңдай түсеміз.

– Осыған дейін ұлттық құра­мада өзгерістер болуы мүмкін де­ген болатынсыз...

– Өзгеріс болмайды. Тізімде бар ойыншыларға сенім артамыз. Жас ойыншылар бар. Сейдахмет, Зайнутдинов сияқты жастарға мүм­кіндік беріледі.

– Капитан кім болады?

– Дауысқа салынбайды. Капи­тан кім болатынына байланысты шешімді өзім қабылдаймын. Екі ойында әртүрлі капитандар болуы да ықтимал.

– Бауыржан Исламхан құра­ма­ның көшбасшысы бола ала ма?

– Ол өте мықты ойыншы. Қор­­ғау­шылық жағына көп мән бе­ру керек. Бауыржанға сол ғана же­тіспейді. Сапалы ойыншы бола алады. Біз көмектесеміз.

– Негізгі шабуылшылар кім­дер?­

– Щеткин, Хижниченко, Мұр­тазаев. Шабуылшылар емес, орта­лық қорғаушы позициясы пробле­ма болып тұр. Логвиненко ойынға қатыса алмайды. Ол негізгі орта­лық қорғаушымыз болатын.

«Ұлттық құраманы жан­күйер­лер­дің, журналистердің қолдауы маңызды. Біз барлығымыз жұмыс жасауымыз керек. Сонда ғана нә­­ти­же болады. Ұзақ жол күтіп тұр­­ғанын айттым. Сол жолдан абыроймен өтуге барлығымыз жұ­мыс жасайық. Ұлттар лигасын­да топтан бірінші болып­ шығуға тырыса­мыз. Біздің қар­сы­ласта­рымыз да мық­ты. Дегенмен, өз ойын­шыларым­­­нан еуропалық ойын күтемін. «Ас­тана», «Қайрат» командасынан шақыртылған, тә­жі­рбиелі ойын­шылар еуропалық футболды көрді. Күзде толық дайын болуымыз керек», – деп қорытындылады Станимир Стойлов баспасөз жиы­нын.

Еркебұлан ЖОМАРТ,

«Егемен Қазақстан»